Қазақстан ауылдарының жүзден астам баласы IQanat High School of Burabay-да оқи бастайды

«Бурабай» курорттық аймағында ауылдан шыққан дарынды балаларға арналған ерекше мектеп-интернат іске қосылды. Оқу орны халықаралық талаптар мен стандарттарға сәйкес салынған. Шортанды көлінің шығыс жағалауында орналасқан білім беру мекемесінің құрылысын кәсіпкер және меценат Айдын Рахымбаев қаржыландырды.

Шағын жинақты мектеп-интернат ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 13 тамыздағы №345 бұйрығына сәйкес ашылды. Аталған бұйрыққа сәйкес ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттар, жалпы интернаттар, сондай-ақ дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар өздерінің оффлайн қызметтерін қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, оқуды жабық режимде жүргізген жағдайда жүзеге асыра алады. Мектептегі барлық оқушы, мұғалімдер мен әкімшілік қызметкерлер COVID-19-ға екі рет тестілеуден сәтті өтті.

IQanat High School of Burabay-да еліміздің барлық облысының ауылдарынан келген ең дарынды 184 оқушы Тұңғыш Президент қоры ұсынған гранттардың арқасында, сондай-ақ қазақстандық 60 қамқоршы кәсіпкердің қаржылық қолдауымен тегін оқитын болады. Мұнда тек оқу үлгерімі жоғары оқушылар, физика, математика және ағылшын тілдері бойынша IQanat республикалық олимпиадасының жүлдегерлері таңдалады. Байқауға жыл сайын ауылдардан 35000-нан астам оқушы қатысады.

«Біз IQanat High School of Burabay-ды Қазақстандағы ең үздік мектеп қатарына қосуға шешім қабылдадық, оның түлектері әлемдегі ең беделді 100 университеттің студенттері болады. Мен әркімнің, соның ішінде ауыл балаларының сапалы білім алуға қол жеткізуге тиіс екендігіне сенімдімін. Сапалы адам капиталын өсіруді болашаққа құйылған ең дұрыс инвестиция деп санаймын. Уақыт өтер, ал біз Кембридж, Оксфорд, Гарвард университеттері студенттерінің қатарында өз студенттеріміздің есімдерін еститін боламыз», - деп ой бөлісті Айдын Рахымбаев.

Мектептің салтанатты ашылу рәсіміне еліміздің ресми тұлғалары - Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мысырәлімова Айна Ермекқызы, сондай-ақ IQanat қорының қамқоршылары қатысты.

«Ауылдағы орта білімнің сапасы мен педагогикалық кадрлардың жетіспеушілігі ауыл түлектеріне қазақстандық және халықаралық жетекші университеттерде оқуға мүмкіндік бермейді. Осы мектеп қабырғасынан еліміздің болашақ басшыларының шығуына шын жүректен тілектеспін. Жаңа оқу жылында сәттілік тілеймін!» - дейді IQanat қорының қамқоршысы Байжан Қанафин.

Балалар жыл бойы үш тілде оқитын болады. Оқыту Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады. Мектепке қабылдау кезінде қаржылық жағдайы шектеулі, аз қамтылған отбасылардың дарынды балаларына басымдық берілді. Балалар жапондық білім беру моделінің негіздеріне сәйкес (тазалау, тамақ пісіру, кезекшілік және т.б.) тәуелсіз болуға үйренеді, гаджеттерді пайдалануға шектеу қойылады. IQanat High School of Burabay-да күніне 5 рет теңдестірілген және пайдалы тамақ беріледі, сонымен қатар жүйелі түрде спорттық іс-шаралар өткізіліп, атқа міну үйретіледі. Сондай-ақ жергілікті жерді бағдарлау дағдыларын игеру мақсатымен жорықтар ұйымдастырылатын болады. Барлық оқушыға мәтінді қолмен теру қызметі бар ноутбук-трансформерлер беріледі. Мектеп бағдарламасы Қазақстанның тарихын, мәдениеті мен дәстүрлерін оқытумен толықтырылған. Ерекше оқу бағдарламасына атақты фин білім беру жүйесінің элементтері енгізілген. Оқушылар оқу барысында жетекші шетелдік және қазақстандық жоғары оқу орындарына түсу үшін жоғары сапалы дайындықтан өтеді.

IQanat High School of Burabay сыныптары заманауи жабдықтармен жабдықталған, физика, химия және биология пәндері бойынша кеңейтілген зертханалары бар. Мектепте FabLab шеберханасы, дәріс залы, асхана, кітапхана, көпфункционалды спорт залы, медициналық бөлімше және әкімшілік-сауықтыру аймағы бар. 

 Мектептің педагогикалық құрамы халықаралық жұмыс тәжірибесі бар, 3 тілде сөйлейтін мұғалімдерден тұрады. Оларды орналастыру үшін 35 пәтер бөлінген. Жоспар бойынша мұндай мектептерді Түркістан мен Алматы облыстарында, сондай-ақ Шығыс және Батыс Қазақстанда ашу көзделіп отыр.

Анықтамалық ақпарат: IQanat білім беру қоры жұмыс істеген 3 жыл ішінде жүздеген ауыл оқушыларын шетелдік және қазақстандық жетекші жоғары оқу орындарына түсуге дайындады. Олимпиадаға жыл сайын 35000-нан астам оқушы қатысып, олардың 9000-ы екінші турға өтеді және мотивациялық тренингтерге қатысуға мүмкіндік алады, 700 бала Назарбаев Университетінің базасында екі жылдық қолдау мен ҰБТ-ға дайындыққа қол жеткізеді, «IQanat High School of Burabay» мектебіне жыл сайын 100 және одан да көп бала оқуға түседі. Қордың бағдарламалары Қазақстанның барлық ауылдық аймақтарын қамтиды.