2020 жылы «IQanat Kazakh-English High School» жаңа мектебі ашылады!

Аталған мектепте білім алатын алғаш 100 оқушының тізімі анықталды. Олардың оқуын Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры төлейді.

2020 жылы Бурабайда орналасатын «IQanat Kazakh-English High School» жаңа мектебінің ашылуы жарияланды. Жаңа мектепте жыл сайын тек «IQanat» олимпиадасының 100 озат қатысушысы оқиды. Алғашқы жүздіктің оқу гранттарын Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының Атқарушы директоры Әсет Исекешев және «IQanat» Білім беру қорының Қамқоршылық Кеңесінің Төрағасы Айдын Рахимбаев табыстады.

«Елбасы қоры ел болашағы үшін маңызды бірқатар бастамаларды қолға алды. Оның бір бағыты - талантты, дарынды жастарды жүйелі түрде қолдауға арналған. Мысалы, ауыл жастарын қолдайтын «Мың бала» жобасы іске аса бастады. Оның аясында жыл сайын ауылдың дарынды бір мың баласына грант бөлініп, олар білімін үздік мектептер мен жоғары оқу орындарында шыңдайтын болады. Бұл сіздерге асқақ арман, өмірлік биік шыңдарды бағындыруға көмектеседі», - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының Атқарушы директоры Әсет Исекешев.

Мектеп Щучье көлінің шығыс жағалауында орналасқан. Оның құрылысымен BI Group компаниясы айналысады. Мектепте тек 10 және 11 сынып оқушылары оқи алады. Алғашқы іріктеу Республикалық олимпиада өткен Слетте арнайы тестілеу бойынша өткізілді. Оның барысында ғылыми таным ғана емес, сыни ойлау да ескерілді.

«Біз Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен пилоттық жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік беру үшін келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Біз оқу жоспарының екінші жартысын бала мүдделеріне бағыттауды қалаймыз, яғни кәсіпкерлік, бағдарламалау, медицина және инжиниринг секілді пәндерді енгізгіміз келеді. Біз қазірдің өзінде негізгі пәндерінен басқа, көп нәрсені үйрете алатын мұғалімдерді іздейміз», - дейді «IQanat білім қорының» даму жөніндегі директоры Арсен Байтуков.

Ұйымдастырушылар 200 баланы оқытуға жеткілікті 15 ұстазды жұмысқа қабылдауды жоспарлауда. «IQanat Kazakh-English High School» оқушылары университетке түсуде  ауылдық квотасын сақтап қалады өйткені мектеп қаладан шалғай жерде орналасады. Осындай мектептерді болашақта Шығыс Қазақстан, Түркістан, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында ашу жоспарланып отыр.